«Жеңіс культі»: 9 мамыр қалай насихаттау құралына айналды

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Жеңіс күні екі рет – 1946 және 1947 жылдары тойланған. Кейін Иосиф Сталин 9 мамырды ауқымды мерекелер мен әскери шерулер өткізілмейтін, қарапайым жұмыс күніне айналдырды


09/05/2022
13:49 11760 0

Бұл күнді басқа елдерде қалай өткізеді?

 

1949 жылы 9 мамыр әдеттегі жұмыс күні болды деп елестету қиын. Себебі, бүгін 9 мамыр – Қызыл алаңда танктер қозғалып, жолдарда  «Берлинге» деген жазуы бар машиналар қаптап, әуеде әскери ұшақтар қалықтайтын күн.

 

Осының барлығы Кремльдің идеологиялық милитаристік насихатының бір бөлігі болғаны анық. Тіпті орыс тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарында «жеңіске табыну» термині пайда болды. Оны көбіне «Жеңіс культіне» қарсы шығушылар наразылығын білдіру үшін қолданған. Бұл культ қайдан шықты? Нақты қашан пайда бола бастады? Masa.media айтып береді.

 

 «Жеңіс культінің» қалыптасуы

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Жеңіс күні екі рет – 1946 және 1947 жылдары тойланған. Кейін Иосиф Сталин 9 мамырды ауқымды мерекелер мен әскери шерулер өткізілмейтін,  қарапайым жұмыс күніне айналдырды. Газет беттерінде соғыс туралы мақалалар, Жеңіс күнімен құттықтаулар жарияланып, кейбір жерде ғана шағын концерттер мен фильмдер көрсетілді. Кейде тіпті отшашу да болды. Бірақ соңғы жылдары біз көріп жүрген үлкен мерекелер ұйымдастырылмаған.

 

Соғыс аяқталғаннан кейін алғаш рет 9 мамырды ауқымды тойлау 1965 жылы Леонид Брежневтің тұсында орын алған.

 

Сол кездегі Қызыл алаңдағы шеру 1945 жылғы шерумен салыстырғанда ауқымдырақ болды. Алаңда әскери техника жүріп, 9 мамыр ресми мерекеге айналды. Көптеген тарихшылар дәл осы кезде «Жеңіс культі» қалыптаса бастағанын айтады. Мерекелік шараларға биліктегілер мен соғыс ардагерлері тартыла бастады. Ал партияның бұл әрекетін құптамаған ардагерлер «кеңес одағына қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен қамауға алынды.

 

Коммунизм мен марксизмді сынаған жазушы Николай Руденкоға да осы айып тағылды. Ол заңгер болып та жұмыс істеген. Араға жылдар салып, Жеңістің 30 жылдығына қарсы жазушы соғыс ардагері ретінде рақымшылықпен босатылды.

 

Ол кезде мерейтойлық жылдарда шерулер өткізілсе, 1995 жылдан кейін Жеңіс күні жыл сайын тойлана бастады.

 

Брежневтің тұсында билікті жақтайтын соғыс қаһармандарының естеліктері баспа бетінде шыға бастады, фильмдер түсірілді, жауынгерлердің ерліктері туралы әндер жазылды. Сол жылдары жарияланған материалдардың мазмұнында жеңіске жетудегі басты рөл коммунистік партияға берілген.

 

Сондай-ақ, КСРО тарапынан соғысқа қатысушы басқа елдерге менсінбеушілік, жеңіспаз ұлт культі пайда болды. Осыдан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс КСРО үшін қасиетті мәнге ие болды. Одан бөлек, «Жеңіс культі» халықты бір құндылық төңірегіне топтастыруға септігін тигізді.

 

Бұл соғыстағы жеңіс –  мақтануға өзге себебі қалмаған елдің өзін-өзі биіктетудің жалғыз мүмкіндігі, - дейді әлеуметтанушы Лев Гудков.

 

 

Қазіргі Ресей

Қазіргі кезде Ресейде «Жеңіс культін» қолдау, тіпті оны нығайту жалғасуда.

 

Тарихшы Василий Павлов бұл әдейі жасалып жатқан дүние деп есептейді:

 

Кез келген тоталитарлық мемлекетте, әсіресе қазіргі Ресейде, «дос/дұшпан» категориясына бөлу, жау бейнесін көрсету қоғамды біріктіретін немесе ажырататын негізгі факторлардың бірі. Украиндықтарды фашист деп атау өте оңай. Себебі, бірден бейсаналық түрде ана сүтімен сіңген маркерлер тізбегі іске қосылады. Орыстардың көбі КСРО-дан шыққан немесе одақтың соңғы жылдарында дүниеге келгендер. 

Қазіргі кездің өзінде Кремльді жақтайтын Ресей телеарналарында әскери риторика көп қолданылады.

 

Republic интернет-жобасының негізіндегі «Мнения» журналының бас редакторы Андрей Синицын 2019 жылы бұл үрдіс тақырыптың тапшылығына байланысты екенін айтқан.

Үгіт-насихат, әсіресе, орталық телеарналардағы үгіт-насихатта бір кедейлікті, тақырып таяздығын, қалай болғанда да, позитив тақырыптардың тапшылығын көруге болады. Біз Батыстың қарғыс атқан империализмімен немесе «жидбандерастарымен» күресіп жатқанымыздан басқа, мақтанатын дәнене жоқ. Экономикада жағдай нашар, медицинада жағдай нашар, білім де нашар, т.с. с. «Өлмейтін полк» халықтан тартып алынған бастама ретінде бүгінгі күймен емес, естелікпен, тарихпен байланысты оңды іс болып қала береді.

2014 жылы Қырым аннексиянан кейін «Жеңіс культін» насихаттау кең етек алды. Сол кезде Владимир Путин бастаған Кремль үкіметі Украинаны ұлтшылдық, фашизммен айыптады. Агрессияны ақтау үшін олар ескі әңгімелерді қолданып, КСРО-ның мұрагері ретінде Ресейді «фашизмге қарсы күресуші» етіп көрсетті.

2014 жылғы оқиғалардан кейін 9 мамырдағы шерулер тіпті Ресейге достас елдер – Қазақстан мен Беларусьте де тоқтатыла бастады. Синицынның айтуынша, бұған Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстанның экс-президенті) пен Александр Лукашенконың (Беларусь президенті) «аздап қорқуы» себеп болған. Олар өздерінің ұлттық идеяларын жасай бастады.

Владимир Путин тіпті Украинаның қатысуынсыз-ақ КСРО соғыста жеңер еді деп мәлімдеді.

Біз бәрібір жеңетін едік, өйткені біз жеңімпаз елміз, – деді ол тікелей эфирде.

Соғыс түсіндірмесі

Егер біреудің түсіндірмесінде Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы Ресей айтқандағыдай болмаса,  Кремль өткір әрекетке көшеді. Саясаткерлер тарапынан «тарихты қайта жазуға әрекет» деген айыптар бұған дейін де болған. Жеңіс күнін тойлау кезінде кеңес әскерінің ерлігі мадақталып, Ұлыбританияның, ЕО елдерінің және т.б. мемлекеттердің қосқан үлесі жайлы айтылмайды.

 

«Жеңіс культі» бесіктен бастап үйретіле бастайды. Балабақшада бүлдіршіндерге әскери киімдерді кигізіп, соғыс тақырыбына ертеңгілік жүргізіледі, әскери әндер шырқалады.

 

Бұл шаралар «Ұжымдық Батыс» пен «жеңімпаз» Ресейді салыстыру үшін қолданылады.

 

Осы риторика 2022 жылы Украинадағы соғысты ақтау үшін де қолданылады. Ресейқұл арналар экрандарынан Украинадағы ұлтшылдық, фашизм және нацизм туралы мәлімдемелер таратылды. Кремльдің пікірінше, әскери басқыншылық Украина аумағында өркендеп жатқан нацизмге қарсы күреспен ақталады.

 

Біз Украинаны демилитаризациялауға және деназияландыруға, сондай-ақ бейбіт тұрғындарға, соның ішінде Ресей Федерациясының азаматтарына қарсы көптеген қанды қылмыс жасағандарды жауапқа тартуға тырысамыз, - деді Путин.

 

Ең дұрысы, Украина азат етіліп, нацистерден, нацизмді жақтайтын адамдардан және идеологиядан тазартылуы керек, - деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

 

Ендеше, бала кезден Кеңес әскерінің фашизмге қарсы азаттық күресі жайлы естіп өскен адамдар, фашизмге қарсы күрес ретінде жасалған орыс әскерінің көптеген қиянаттарын ақтап алуға дайын.

Басқа елдерде жағдай қалай?

 

Биыл Қазақстанда 7 және 9 мамырда әскери шерулер өткізілмейді. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов шеру өткізу өте қымбат болатынын мәлімдеді.

 

Шеруді өткізу өте қымбатқа түседі. Бұл дегеніңіз жанар-жағармай, жол ақысы, қызметкерлердің тамағы. Оқу-жаттығуларды өткізіп, жауынгерлік әзірлігімізді тексеру маңызды ма, әлде парадқа қатысу ма? Осы жағдайда Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмаларын орындауды ескере отырып, қазіргі уақытта Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен дайындығына кіріскен жөн деп есептейміз», - деді ол үкімет отырысынан кейін. 

 

Қазақстанда әскери парад соңғы рет 2018 жылы өтті. Оған Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

 

Украинада 9 мамыр – Екінші дүниежүзілік соғыста нацизмді жеңген күн, 8 мамыр – Еске алу және келісім күні ретінде аталып өтіледі.

 

Көптеген Еуропа елдері мен АҚШ-та бұл мереке Еске алу және келісім күні деп аталады, әдетте ол 8 мамырда тойланады. Норвегияда бұл күн азаттық күні, Словакияда - нацизмді жеңу күні, Польшада - Жеңіс және бостандық күні деп аталады.

 

Мереке күндерінің сәйкес келмеуі уақыт айырмашылығына байланысты. Фашистік Германия капитуляцияланған кезде, Еуропада 8 мамыр, 22:43 болса, Мәскеуде 9 мамыр, 00:43 болды.

Поделиться

Нет комментариев.

09/05/2022 13:49
11760 0

Уведомление